ҚАЖ мекемесінде діни сауаттылықты арттыру мақсатында семинар ұйымдастырылды
Жуырда өңірлік Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне бағынысты қауіпсіздігі барынша төмен №26 түзеу мекемесіндегі бірқатар жазасын өтеуші азаматтар үшін «Діни радикализм көрсеткіштері» тақырыбында семинар ұйымдастырылды.
Жиын барысында «AQNIET» ақпараттық-насихаттау және оңалту орталығы қоғамдық қорының өкілі З.Б.Зүнінқожа қолданыстағы Қылмыстық Кодекстің 405-бабы бойынша сотталған және радикалды идеологияға ұшыраған азаматтарға тиісті түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Іс-шараның басты мақсаты – сотталған азаматтарға жалған діни ағымдарды дәстүрлі діндерден қалай ажыратуға болатындығы жөнінде және деструктивті діни ағымдардың ерекшеліктері туралы дәріс беру. Басқосу барысында З.Б.Зүнінқожа сотталған азаматарға рухани құндылықтарға баса назар аудару керектігін, дін саласына қатысты қандай да бір ақпаратты дін саласында оқыған білікті мамандардан сұрау – аса маңызға ие екендігін айтып өтті. Сондай-ақ ол сотталғандардың діни ағымын анықтау үшін жеке қабылдау да жүргізді.

Бұдан бөлек семинарда қазіргі күндегі еліміздегі діни ахуал сөз болып, діни сенушілер арасында әртүрлі көзқарастың орын алу факторлары мен олардың әрекеттеріне қарай жіктеу жолдары үйретілді. Сонымен қатар буквализмге апаратын себептерді көрсете отырып, олардың мұсылмандар арасындағы кері әрекеттері сипатталды. Діни ақпараттар туралы тек сенімді көздерден, ресми әдебиеттер мен материалдардан ғана алуға болатыны жайлы баса айтылды.
Іс-шара соңында жазасын өтеушілер тақырып бойынша көкейлеріндегі сұрақтарын қойып, тиісінше оған толыққанды жауап алды.