Тараздағы түзеу мекемесінде Ұлттық домбыра күні атап өтілді
Тәуелсіз еліміздің кез келген азаматы ұлттық құндылығымызды ардақтап, рухани жаңаруымызға өз үлесін қосуы тиіс. Осы себепті, біздің елде 1 шілде – Ұлттық домбыра күні аталып өтіледі. Бұл – халқымыздың аса бай рухани мұрасын дәріптейтін, киелі аспаптың қадір-қасиетін ұлықтайтын ерекше күн.
Айшықты мереке өңірлік Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне бағынысты қауіпсіздігі барынша төмен №26 түзеу мекемесінде де атап өтілді. Бұл күні мекемедегі жазасын өтеуші азаматтар ұлттың үні, тарихтың тілі һәм рухтың жыры болған – домбырамен күмбірлете күй тартып, әуелете ән шырқады. Осылайша арнайы контингент өкілдері төл өнерімізді құрметтеуге әрі ұлттық құндылықтарды бағалауға тамшыдай болса да өз үлестерін қосуға тырысты.
– Қасиетті қара домбыра – қазақтың рухы мен болмысы. Ұлттық домбыра күнінің белгіленуі де халқымыздың домбыраға деген құрметінің бір көрінісі. Домбыраның мәртебесі — біздің ұлттық өнеріміздің мәртебесі, ұлтымыздың мерейі, сондықтан ол қашанда биіктей берсе екен деп тілейміз. Ал домбыраны ұлықтау ұлт болмысындағы ізгілік атаулыны ұлықтау деп білеміз, сондықтан бұл мереке арқылы біздің ұтатынымыз көп болмақ, – жазасын өтеуші азаматтың бірі.