Жамбыл облысында қоқыс қалдықтарына арналған 3 389 контейнер орналастырылған
Басқарма басшысының айтуынша, бүгінде полигондарда жинақталған қатты тұрмыстық қалдықтардың жалпы көлемі 3 млн 222,1 мың тоннаны құрайды. Оның ішінде 22,1 мың тонна қалдық жыл басынан бері жиналған. Осы ретте қалдықтарды жинау қызметінің қолжетімділігін арттыру мақсатында облыс бойынша 3389 контейнер орнатылған. Қазіргі уақытта қалдықтарды жинау және тасымалдау жұмыстарымен 40 мекеме айналысады. Олар 191 арнайы техникамен қамтамасыз етілген. Нәтижесінде өңір тұрғындарының 97 пайызы қалдықтарды жинау және тасымалдау қызметімен қамтылып отыр.
– Қазіргі таңда қоршаған ортаны қорғау және экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері ерекше өзектілікке ие. Осыған байланысты қатты тұрмыстық қалдықтарды басқару жүйесін жетілдіру, қалдықтарды сұрыптау мен қайта өңдеу инфрақұрылымын дамыту бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыру қажет. Сонымен қатар облыс аумағында қатты тұрмыстық қалдықтарды бөлек жинауға арналған контейнерлерді толық орнатуды қамтамасыз етуіміз керек, – деді өңір басшысы.