Бес жылда мемлекеттік органдарға 16 млн өтініш келіп түскен – Тоқаев

0 2
«е-Өтініш» онлайн платформасы іске қосылғалы соңғы бес жыл ішінде мемлекеттік органдарға қазақстандықтардан шамамен 16 миллион өтініш келіп түскен. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Астана қаласында өткен «Әкімшілік әділет және оның құқық үстемдігін қамтамасыз ету ісіндегі рөлі» атты халықаралық форумда мәлімдеді, деп хабарлайды alakoz.kz

– Халық пен билік өкілдерінің қарым-қатынасы мүлде жаңа сипатқа ие болды»   «Өздеріңізге мәлім, мен 2019 жылы әкімшілік әділеттің жаңа үлгісін қабылдау қажеттігі жөнінде айттым. Бұл азаматтарымызды және кәсіпкерлерді билік өкілдерінің заңсыз әрекеттерінен қорғау үшін жасалған аса маңызды қадам болды. Ал 2021 жылы елімізде Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс күшіне енді.   Мемлекет пен қоғам арасындағы байланысқа тың серпін берген «е-Өтініш» онлайн платформасы іске қосылды, яғни, азаматтардың өтініштерін мейлінше ашық әрі тиімді қарап, жедел шешім қабылдау тәсілі қалыптасты.   Бұдан бөлек, бұл жүйе бюрократиялық кедергілерді азайтуға және жұртшылықтың ой-пікірін ескеруге мол мүмкіндік берді. Осылайша, халық пен билік өкілдерінің қарым-қатынасы мүлде жаңа сипатқа ие болды. Соңғы бес жыл ішінде мемлекеттік органдарға шамамен 16 миллион өтініштің келіп түсуі – соның айқын көрінісі, – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы өз баяндамасында.

Сондай-ақ, Президент елімізде жаңа саяси мәдениет қалыптаса бастағанын алға тартты.

– Соңғы жылдары мемлекетіміз аса ауқымды құқықтық және қоғамдық жаңғыру жолына түсті. Елімізде жаңа саяси мәдениет қалыптаса бастады. Біз өркениетті ел ретінде Заң мен тәртіп қағидатын ұлттық болмысымыздың ажырамас бөлігіне айналдыруымыз керек. Барша азаматтарға, әсіресе, жастарға заңды құрметтеу, заңға бағыну қажет екенін қарапайым тілмен жан-жақты түсіндірген жөн. Заңды қадірлеу, тәртіпті қолдау, бұл – әр адамның жарқын өміріне жол ашатын маңызды шарт. Жалпыұлттық референдумда қабылданған жаңа Конституциямызда осы негізгі қағидат туралы анық жазылды,  – деді Президент.

Айта кетейік, еліміздің бас құжаты – жаңа Конституция 1 шілдеден бастап күшіне енеді. Тамыз айында бір палаталы Құрылтай сайлауы өтеді, ал қыркүйекте Қазақстан Халық Кеңесі құрылады.

Leave A Reply

Your email address will not be published.