Сіз миллениалсыз ба, әлде зумерсіз ба? Екі буынның дағдылары аталды

0 19

Цифрлық технологиялардың қарқынды дамуы адамдардың күнделікті өмір салтын ғана емес, тұрмыстық дағдыларын да өзгертіп жатыр. Бұрын қалыпты әрі қажетті болып саналатын кейбір қарапайым машықтар бүгінгі жастар арасында сирек кездеседі. Sunlight жүргізген зерттеу нәтижелері осы өзгерістің ауқымын айқын көрсетеді, деп хабарлайды Alakoz.kz 

Зерттеуге сәйкес, қазіргі зумерлердің (1997–2012 жылдар аралығында туған буын) бірқатары аға буын үшін қалыпты саналатын қарапайым әрекеттерді орындауда қиындықтарға тап болады. Мәселен, респонденттердің басым бөлігі навигаторсыз қала ішінде бағдарлауды күрделі санайды. Сондай-ақ көбейту кестесін жатқа білу, ойша есептеу, қағаз ақшамен сауда жасап, қайтарымды дұрыс есептеу сияқты дағдылардың да маңызы төмендеп бара жатқаны байқалған.

Зерттеу деректері бойынша, ересектердің 86 пайызы жастардың карта қосымшаларынсыз бағыт табуы қиын деп есептейді. Ал 73 пайызы көбейту кестесін білу мен ойша есептеу қабілеті әлсірегенін айтқан. Сонымен қатар, жастардың 70 пайызы қолма-қол ақшамен есеп айырысу кезінде қиналуы мүмкін деген пікір білдірілген.

Қазіргі цифрлық дәуірдің тағы бір ерекшелігі – тілшелі сағаттардың бұрынғы қызметінен айырылуы. Зерттеу нәтижесінде жастардың 54 пайызы тілшелі сағатпен уақытты анықтауда қиындық көретіні анықталған. Дегенмен классикалық сағаттар жастар өмірінен толық жоғалып кеткенжоқ. Бүгінде олар уақыт көрсететін құралдан гөрі сәндік аксессуар әрі имидж қалыптастыру элементі ретінде қабылданады. Ал нақты уақытты білу үшін көпшілік смартфондарға сүйенеді.

Ұрпақтар арасындағы көзқарас айырмашылығы да назар аудартады. Ересектердің 87 пайызы буындар арасындағы алшақтық барған сайын ұлғайып келеді деп есептесе, жастардың тек 18 пайызы ғана өз қатарластарының бұрынғы іргелі білімдерді білмеуіне таңданыс білдіреді. Бұл зумерлердің технологиялық өзгерістерді табиғи құбылыс ретінде қабылдайтынын көрсетеді.

Сауалнама жастардың тұрмыстық дағдыларды қайдан үйренетінін де анықтаған. Бүгінде олардың 62 пайызы қажетті ақпаратты интернеттен іздейді. Ал 46 пайызы сұрақтарына жауап алу үшін жасанды интеллект пен нейрожелілердің көмегіне жүгінеді. Ата-аналардан үйренетіндердің үлесі 42 пайызды құраса, жақын туыстардан білім алатындар 31 пайыз болған. Мектептің үлесі небәрі 18 пайызды көрсеткен.

Мамандардың пікірінше, цифрлық технологиялар білім алуды бұрынғыдан әлдеқайда жылдам әрі қолжетімді еткенімен, тәжірибелік дағдыларды меңгерудің дәстүрлі тәсілдерін біртіндеп ығыстырып келеді. Соның салдарынан тұрмыстық машықтар мен күнделікті өмірге қажетті кейбір қарапайым қабілеттердің маңызы төмендеп барады.

Дегенмен бұл құбылысты тек теріс үрдіс ретінде қарастыруға болмайды. Әр дәуір өзіне тән білім мен қабілеттерді талап етеді. Егер миллениалдар тұрмыстық тәжірибесімен ерекшеленсе, зумерлер ақпаратты жылдам іздеу, цифрлық технологияларды меңгеру және жаңа құралдарға бейімделу қабілетімен алға шығып отыр. Сондықтан ұрпақтар арасындағы айырмашылықты бәсеке емес, қоғамның дамуымен бірге қалыптасатын табиғи өзгеріс ретінде қабылдаған жөн.

Leave A Reply

Your email address will not be published.