Көкпардан «Әулиеата» командасы 16 дүркін ел чемпионы атанды
Талдықорған қаласында 1-9 мамыр аралығында өткен көкпардан ересектер арасындағы XXV Қазақстан чемпионаты аяқталды, деп хабарлайды Alakoz.kz
Ел біріншілігінің дүбірлі додасына еліміздің түкпір-түкпірінен 19 команда қатысып, өзара мықтыны анықтады.
Жарыстың топтық кезеңінде жоғары деңгейдегі ойын өрнегін көрсеткен Жамбыл облысының «Әулиеата» командасы жартылай финалда Алматы облысының құрамасын 2:1 есебімен тізе бүктіріп, финалға жолдама алды.
Ал шешуші кездесуде жамбылдық көкпаршылар Шымкент қаласының командасын 6:0 есебімен ойсырата жеңді.

Осылайша, Жамбыл облысының «Әулиеата» командасы көкпардан Қазақстан Республикасының 16 дүркін чемпионы атанып, ел спорты тарихындағы жарқын жеңістерінің бірін тіркеді.
Айта кетейік, көкпардан ересектер арасындағы чемпионат 2001 жылдан бері дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келеді.