Президент биыл 252 сағат уақытын ұшақта өткізген

«Бір жыл ішінде Мемлекет басшысы 23 рет шетелге шықты. Оның ішінде Ресейге және Өзбекстанға мемлекеттік сапармен барды. ҚХР, Иордания, Түркия, Қырғызстан және Жапония секілді елдерге 5 ресми сапар ұйымдастырылды. Ресей (екі рет), АҚШ (екі рет), Түрікменстан (екі рет), БАӘ, Өзбекстан, Әзербайжан, Тәжікстан және Қырғызстан сияқты мемлекеттерге 16 мәрте жұмыс сапарымен барды.
Нәтижесінде халықаралық кездесулер кезінде жалпы сомасы 70 миллиард доллардан асатын коммерциялық келісімдер жасалды. Президент шет мемлекеттердің үкімет басшыларымен, басқа да жоғары лауазымды тұлғаларымен, халықаралық құрылымдар жетекшілерімен, іскерлік топ өкілдерімен және сарапшылармен 186 кездесу өткізді», – делінген хабарламада.
Сондай-ақ, 2025 жылы шет мемлекеттердің басшылары Қазақстанға 30 рет cапармен келген. Олардың арасында ҚХР, Италия (екі рет), Грузия, Өзбекстан, Словения, Вьетнам, БАӘ, Руанда, Солтүстік Македония, Болгария, Словакия, Иордания, Конго Демократиялық Республикасы, Мьянма, Мажарстан, Әзербайжан, Финляндия, Эстония, Армения,Түрікменстан, Швейцария және Иран елдерінің мемлекет және үкімет басшылары бар.

Қасым-Жомарт Тоқаев өзге де президенттермен 43 мәрте телефон арқылы сөйлесіп, бұдан бөлек, 4 ресми рәсім барысында 30 мемлекеттің елшілерінен сенім грамоталарын қабылдаған.